Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде туризм саласын дамыту қажеттігіне жұртшылықтың назарын бірнеше рет аударуда және де бұл саланың қалай дамып жатқанын үнемі өз құзырында ұстауда. Туризм саласының жылдан жылға артып келе жатқанына биылғы жылы өзім де көзімді жеткіздім.
Біздің қазақстандықтардың шетелдерге ғана шығып қоймай, еліміздің алтын қазынасына жататын табиғатының сұлулылығы керемет, тарихы мол жерлерге де көбірек қызығушылықтарының артып келе жатқаны қатты қуантты. Шынымен де, қазақстандық патриотизмді дамытудың бір жолы – елді аралап, Қазақстанның әрбір облысының табиғи інжу маржандарын тамашалап, өз жерімен танысып, тарихи орындарға тағзым ету деп білемін.
Жуырда мен де осындай бір туристік саяхаттардың біріне қатысып қайттым. Бірнеше рет Алматыға жолым түссе де, Көктебенің арқанды жолына көтерілудің бір реті болмай жүрді. Биыл, зейнетке шығып, арқам сәл болса да кеңіп, елімді қартайған шағымда болса да бір тамашалап қайтайыншы деп шештім.
Бұл саяхатқа мен алдын ала дайындалдым. Ең алдымен билет алу мәселесі тұрды. Теміржолда билеттерді 45 күн бұрын сата бастайды екен. Күнде телефондағы қосымшаға кіріп, “билеттер сатылымға шықты ма екен?” деп қарап отырдым. Көптен күткен айтулы уақытта жетіп, әйтеуір электронды кассалар ашылды. Таң қалғаным, ашылғаны сол екен, төменгі орындар мүлде жоқ болып шықты. Сонымен Қостанайдан Астанаға, сосын Астанадан Алматыға жүретін екі пойызға билет алып, пересадкамен жүруден басқа амал болмады.
Сонымен, билетке қол жеткіздік, енді тоқтайтын қонақүйді іздеу керек болды. Алматы төңірегінде баға жағынан қолжетімді қонақүйлерде қарашаға дейін орындар Букинг арқылы сатылып қойған екен. Әйтеуір бірнеше күн іздеп, тау етегінде орналасқан «Сұңқар» деген демалу базасынан орындар табылды.
Келесі мәселе – ол саяхат жасайтын тур таңдап алу. Инстаграм арқылы іздесең, арнайы туристік фирмалар бар екен. Олардың ішінде алаяқтық жасайтындары да кездесіп қалуы мүмкін. Әбден қарап таңдауымыз «GO – с нами!» турфирмасына түсті. Есімі Жан деген жас жігіт бізді турлардың түрімен таныстырды. Олармен Алакөлге, Ыстықкөлге, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркістанға да бару болады екен, бірақ біздің бағытымыз Алматы болғандықтан екі күндік Қайыңды, Көлсай көлдері мен Шарын шатқалдарын таңдадық. Турдың құны адам басына шаққанда 30 мың теңгеге шықты. Таңдауымызға еш өкінген жоқпыз. Осы турмен біз Алматыдан 270 шақырым жерде орналасқан Алматы облысы, Кеген ауданы, Саты ауылынан автобуспен бес сағат жүріп бір-ақ шықтық. Бұл ауыл тұрғындарының 90% туризмге тартылған. Өз үйлерін қонақ үй ретінде пайдаланып, туристерді қондырады, оларға тамақ пісіріп, моншасын жағып, соның бәрінен ақша тауып жатады. Жылқымен экскурсияларда адамдарды салт тасымалдайды, тіпті жол бойы әжетханалар орнатып, әр адамнан жүз теңге алып, байып жатқандары аз емес. Тіпті балалардың өзі су әкеліп, туристерге сатып ақша тауып жатыр екен.
Сонымен таңсәріден гидымыз Жан бізді автокөлікпен Қайыңды көліне апарды. Ерте шыққан себебіміз, күндіз күннің ыстығы 38-40 градусқа дейін жетіп, таумен көтеріліп түсу қиынға түседі екен. Қайыңды көлі таулар арасында орналасқан. Қайыңды деп аталуы көлге жетпес бұрын үлкен қайың орманынан өту керек екен. Содан Қайыңды аталып кеткен, ал көлдің өзін суға батып кеткен ағаштар деп атайды. 1911 жылы үлкен қатты Кемерово жер сілкінісі болып, тектоникалық қозғалыстар болады: таулар сығылысып, жер жарылады, өсіп жатқан ағаштар суға кетеді. Су бетінде тұрған қарағайлар өлі ағаштар тәрізді, бірақ су астында олар әлі өмірлерін жалғастыруда. Қайыңды көлі тірі көлге жатады, себебі ол арқылы өзен ағып жатыр. Суының мөлдірлігі соншалықты, су беті аспан түстес көп-көңбек. Тереңдігі 40 метр, суы үнемі суық, + 6 градустан жоғары болмайды. Көлге жету үшін 350 метр тау арасынан төменге түсу керек. Жолы ауыр тисе де, әсері мол адамға.
Келесі біздің барған жеріміз – Көлсай көлі. Бұл көлдер “Көлсай көлдері” деп аталатын ұлттық паркіне жатады, мемлекеттің қорғауында. Көл маңайына жету үшін ағаш баспалдақтармен екі шақырым жер өту керек. Бұл көлде туристер шомылып, катамарандармен серуендеп оралады.
Үшінші барған жеріміз – Шарын шатқалы. Жалпы бұл шатқал бір-бірімен байланысып жатқан үш шатқалдан тұрады екен: Қара шатқал, Айлы шатқал және Шарын шатқалы. Ең үлкені Шарын шатқалы, ол 156 км алып жатыр, 2,7 км ғана туристер үшін ашық, қалғаны тек кәсіби мамандар үшін қолжетімді. Ауада 40 градус ыстық, шатқалдың бойында төменде температура өлшеуіште 45 градус көрсетеді, соған қарамай екі де жеті шақырым жерді жаяу өтіп, шатқалды тамашалап, қайта жаяу қайту керек. Оңай емес. Қазақстанның табиғатына біз, қазақстандықтар ғана емес, өзге елдің азаматтары да көптеп тамашалау үшін келуде: қытайлықтар, кәрістер, үндістер, ресейліктер, йемендіктер, еуропалықтар. Басқа ел азаматтарын біздің еліміздің табиғаты қызықтырса, біз, қазақтар неге осындай жерлерге аз барып, шетелге баруға ұмтыламыз. Сұлулығы асып бара жатпаса да, Туркия мен Дубайдан кем түспейді.
Үйге бет алып келе жатқанымда маған мынадай ой келді. Бізде де керемет табиғаты сұлу, суы мен сазы емдік қасиетке ие Мыльное көлі бар. Бұл дегеніміз, біздің ауданымызда да туристік кластер ашуға мүмкіндік бар екендігін білдіреді. Мұнда да демалуға жан жақтан туристер келіп жатады. Сондықтан, олар пайдасын көреді, аудан қазынасына да біраз пайда түсіруге мүмкіндігі бар емес пе?
Бақытжамал ДАРКЕНОВА
Для юных узункольцев «Молодежный трудовой отряд» стал традиционным способом летнего трудоустройства В Узункольском районе с…
На совещании при акиме районе о проводимой работе доложил руководитель отдела сельского хозяйства Дмитрий Щербак.…
Спектакль будет показан в преддверии юбилея великого Абая в сельском Доме Культуры села Ершовка, затем в…
Они заготовили для зимнего содержания крупного рогатого скота 29 тысяч тонн грубых кормов. (далее…)
Встреча с подучетными началась с выступления Жасгуль Тогжановой, юриста и представителя общественного фонда «Жанашыр бол». (далее…)
Юбилейные торжества пройдут в первых числах августа, поэтому все службы и коллективы предприятий стараются внести…
This website uses cookies.