Қызылордадан жас маман келді
Оның басты мақсаты – ауылдың гүлденуіне өз үлесін қосу
Ел ертеңі болып саналатын жастардың қоғамда алатын орны ерекше. Алғыр да, парасатты, білімді жастардың ауыл өміріне араласуы құптарлық іс. Бір кездері тұралап қалған ауылдың тыныс – тіршілігіне қан жүрді. Жоғары оқу орнын тәмамдаған жас мамандардың ауылды түлетсем екен деген тілектері орындалып, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы жастардың болашағына жол ашты. Қазіргі күні аталмыш жоба республикалық деңгейде кең қолдау тауып, өз жемісін беруімен қуантады. Бұрынғыдай дипломын құшақтап жұмыс іздеушілер қатары да сиреген секілді. Әсіресе, әлеуметтік сала мамандарына сұраныс жоғары. Мәселен, білім беру, денсаулық, мәдениет және спорт мамандарына бірінші кезекте жұмыс табылады.
Бағдарлама аясында ауылға аяқ басқан арманшыл жастарға бірқатар жеңілдік қарастырылған. Бір реттік көтерме ақы төленіп, жас маманға тұрғын үй сатып алу үшін төменгі пайызбен қаржылай қолдау да бар. Әр жылда бұл қаржылай көмектің көлемі артып келеді.
Мемлекетке де, ұлтымызға да пайдалы бұл бағдарламаның игілігін көріп отырған жастар легі – Бауман ауылдық округінде жетерлік. «Ауылым – алтын бесігім» деген қағиданы берік ұстаным жасаған, тегеуірінді мақсатпен ат басын бұрған білімдар жастар жоғары көбейгені қуантады. Осындай бағдарлама игілігін көріп отырған кейіпкеріміз.
Бауман орта мектебінде «мектепке дейінгі даярлық және тәрбиелеу» ісінің маманы Айжан Кульманова аталған білім ошағында былтырдан бері жолдасы екеуі жұмыс істеп келеді. Адам жананың бағбаны – ұстаз болуды армандаған арманшыл жас осы мамандықтың қыр – сыры мен қадір – қасиетін ерте ұғынып, жүрегіне жақын ұстаздарына еліктеп өседі. Оған білім жүйесінде жемісті еңбек етіп келе жатқан ата-анасының да ықпалы да өнегелі істері де себепкер болса керек.
Адам баласының бойында қашан да биік мақсат пен асқақ арман болады емес пе? Сондай арманшыл жас маман Айжан 1997 жылы Қызылорда облысының Арал қаласында туып, осы қалада орналасқан Н.К Крупской №14 лицейнің түлегі. 2015 жылы «Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының «мектепке дейінгі даярлық және тәрбиелеу» мамандығы «Педагогика және психология» факультетіне студент болып қабылданды. Әне – міне дегенше, қызығы мен қиындығы мол студенттік өмір өте шықты.
Білікті оқытушы – профессорлардан дәріс алған Айжан 2019 жылы аталған оқу орнын грантпен бітіріп, дипломын қолына алды. 2019 жылы мамандығы бойынша Алматы қаласында істеп, сондан кейін Арқалық қаласына оралып, отбасылық жағдайымен Ұзынкөл ауданы Бауман ауылдық округіне «Дипломмен ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасты. Қазіргі кезде Айжан магистратурада қашықтықта оқып жатыр.
Бауман орта мектебінде шәкірт тәрбиелеу ісінде жас маманға мектеп директоры Лили Руденко және тәжірибелі ұстаздары үнемі қолдау көрсетіп отырады.
Аталған мектеп –ауылдағы жалғыз білім ошағы қара шаңырақ. Мұнда ұстаз деген ұлағатты атқа кір келтірмей, өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген білікті педагогтар жетерлік. Олар өздерінің бай тәжірбиелерін жаңадан келген жас мамандарға үйретуден әсте жалықпайды. Бұл қамқорлықты осынау мәртебелі мамандықты таңдап, еңбек жолдарын енді бастаған балаң бағбандар жүректерімен сезіне біледі. Білім ошағындағы – биік жетістіктерге жас ұстаздардың қосқан үлесі қомақты.
– Менің бұл бағдарламаның берері мол екендігіне көзім жетті. Елбасымыз жас мамандарға: «Ауылға елім деп, жерім деп өскелең ұрпақтың білім, тәлім – тәрбие алуына өз үлестеріңді қосуға келіп жатқандарың үлкен ерлік. Енді жас ұрпақты тәрбиелеп, осы ауылдың зиялы қауымына айналасыңдар…» – деп айтқан болатын. Осы мақсатпен білімді ұрпақ тәрбиелеуге күш жұмсаудамын, – дейді Айжан бізбен әңгіме арасында.
Сұлтанбек ҚОЖАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31